Өткізілетін орны: Астана қаласы,
Өткізілетін уақыты: 2010 жылғы 26 шілде
«Үкімет үйі», (дөңгелек зал) 2-қабат
Басталуы: сағат 10.00-де 2010 жылғы 26 шілдеде «Үкімет үйінің» ғимаратында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовтің төрағалығымен ҚР Мәдениет министрлігі әзірлеген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жобасын талқылайтын кеңейтілген мәжіліс өткізілді.
Бұл шара Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген Тілдерді қолдану мен дамытуға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламаның жобасын талқылауға арналды. Мемлекет басшысы «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деп атап көрсеткені белгілі.
Жобаны әзірлеуде тіл саясатына қатысты әлемдік тәжірибелер зерделеніп жинақталды, сондай-ақ тіл мәселесімен айналысатын сараптамалық қауымдастықтың пікірлері мен ұсыныстары ескерілді.
Отырысқа ҚР Парламентінің депутаттары, Үкімет мүшелері, облыс әкімдері, ғалымдар, тіл мамандары, жоғары оқу орындарының басшылары, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар, этно-мәдени бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыстық, Астана, Алматы қалаларының тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, тілдерді оқыту орталықтарының директорлары мен оқытушы-әдіскерлер, білім саласының қызметкерлері мен басқа да мамандар қатысты.
Бағдарлама жобасына қатысты негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммед жасады.
Сонымен қатар жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты У. Қалижанұлы, Президенттік мәдени орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор М. Жолдасбеков, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Ш. Құрманбайұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Ө. Айтбайұлы, белгілі қоғам қайраткері А. Айталы, Индиана университетінің (АҚШ) профессоры Уильям Фиерман, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, академик М. Серғалиев, білім саласы мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері, БАҚ өкілдері сөйледі.
Жиын алдағы уақытта өңірлерде өткізілетін мемлекеттік бағдарламаны кеңінен талқылауға арналған алғашқы шаралардың бірі ретінде ұйымдастырылды.
Байланыс телефондары: 8 (7172) 74-05-01, 74-05-03
|