Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Құрметті әріптестер!
Тіл кез келген ұлттың болмыс-бітімін даралайтын құбылыс. АҚШ Конгресінің Кітапханасы халықаралық ISO-639 стандарты бойынша дәл қазіргі уақытта дүние жүзінде 7048 тіл барын анықтаған. Зерттеушілердің пайымдауынша, әрбір екі апта сайын жер бетінде бір тіл жойылып отырады екен. Дэвид Хариссонның «Тілдер қалай өледі?» атты кітабында жер бетіндегі өсімдіктердің 8 пайызы, сүт қоректілердің 18 пайызы, ал тілдердің 40 пайызы жойылу қаупінде екендігін атап көрсеткен.
Тіл құбылысын зерттеуші ғалымдардың пікірінше, енді небәрі алдағы жүз жыл ішінде қазіргі тілдердің 3000-нан астамы біржолата келмеске кетеді екен.
Тілмен бірге оны дүниеге әкелген ұлт та бүкіл ұлттық болмысынан айрылып, біртіндеп тарих сахнасынан орын босатады. Ендеше тіл, біз үшін барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілі – қазақ тілі руханиятымыздың, ұлттық болмысымыздың, мемлекеттілігіміздің, тәуелсіздігіміздің басты тірегі болып табылады. Бүгінгі Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған мемлекеттік бағдарлама жобасы ең алдымен мемлекеттік тілді алдағы он жыл ішінде дамытудың негізгі бағыт-бағдарын айқындауға арналған.
Бүгін назарларыңызға ұсынылып отырған Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеу кезінде 30-дан астам шет елдің тіл саясатын құқықтық реттеу тәжірибесі зерделенді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының 12-сессиясында атап көрсеткендей, «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек... Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдерінің ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыруымыз қажет».
Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасын іске асырудың өткен он жылдық кезеңінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізіліп, олар бұдан кейінгі тіл саясатының негізін қалады:
- мемлекеттік тілді оқыту инфрақұрылымы елеулі түрде кеңейді. Еліміз тәуелсіздік алар қарсаңында 1989-1990 оқу жылы Қазақстандағы барлық қазақ мектептерінде 910 мың оқушы оқыған екен, ал биылғы жылы бұл көрсеткіш бір жарым миллионнан асып түсті. Тәуелсіздік жылдары мыңға жуық қазақ мектебі ашылды.
- іс қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге аудару процесі белсенді түрде іске асуда (мемлекеттік органдарда қазақ тіліндегі құжаттардың үлес салмағы шамамен 67%-ды құрайды);
- мемлекеттік тілді оқытудың әдістемелік базасы әзірлену үстінде (көп деңгейлі оқу-әдістемелік кешендер, жалпы таралымы миллион данаға жуық сөздіктер, жалпы таралымы 260 мың дана екі және үш тілді 8 салалық сөздік шығарылды);
- мемлекеттік тілді меңгеру процесіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында интернет-портал құрылып, олар тұрақты түрде жаңартылып отырады (20-дан астам сервис түрі, әлемнің 50 елінен белсенді пайдаланушылар аудиториясы);
- мемлекеттік тілдің коммуникативтік қызметі нығаюда (мемлекеттік БАҚ контентінде қазақ тіліндегі хабарлардың көлемі 70%-дан астам, 2750 БАҚ басылымдарының 68%-ы толық немесе ішінара қазақ тілінде шығады);
Қазақстанда тұратын этностардың тілдерін мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесі құрылды (жалпы білім беретін 7576 мектептің 1598-і орыс тілінде,(қазір қазақ тіліндегі мектептер саны 3811-ге дейін жетті) 62-сі өзбек тілінде, 14-і ұйғыр тілінде, 2-уі тәжік тілінде оқытады, 2089-ы - аралас мектептер; 2003 мектепке дейінгі мекеменің 260-ы орыс тілінде, 2-уі өзбек тілінде оқытады, 801 балалар оқу орындары - аралас; этномәдени бірлестіктердің 190 жексенбілік мектептерінде 30 этникалық топтың ана тілі оқытылады; қазақстандық 50 театрдың 9-ы аралас, 15-і орыс тілінде, 1-еуі – кәріс, 1-еуі – неміс, 1-еуі – өзбек және 1-еуі – ұйғыр тілінде жұмыс істейді);
- шет елдерде тұратын отандастармен мәдени байланыстарды дамыту және нығайту жөнінде жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Алдағы 2011-2020 жылдардағы он жылдық кезеңге тіл саясатын жүргізудің логикасы еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына елеулі қауіп-қатер әкелуі мүмкін бірқатар проблемалық мәселелердің де бар екендігін атап айтуымыз керек.
Ең алдымен, бұл – қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің әркелкілігі.
Екіншіден, елдің қоғамдық-саяси өміріне мемлекеттік тілдің әлі де болса баяу енгізілуі.
Үшіншіден, тіл мәдениетінің төмендігі.
Төртіншіден, шетел тілдерін меңгеру қарқынының баяулығы.
Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған бағдарлама жобасы осы проблемаларды жүйелі түрде шешуге бағытталған.
Мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтың өмірлік қажетіне айналдыру.
Бірінші мақсат – Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы.
Екінші мақсат – Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату.
Үшінші мақсат – Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың басты күш-қуаты.
Және төртінші мақсат – Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту.
Бағдарламаның «Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы» атты бірінші мақсатын іске асыру арқылы Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру көзделеді.
Бұл жүйенің арқауы үш негізгі компоненттен тұрады, олар – әдіснама, инфрақұрылым және басқару.
Әдіснаманы әзірлеу мемлекеттік тілді меңгеру мен оны оқытудың бірыңғай стандарттарын енгізуді көздейді. Ұсынылып отырған пирамида тектес тіл меңгерудің алты деңгейлік жүйесі еуропалық тәжірибеге негізделген. А1-А2 деңгейлері тілді қарапайым дәрежеде меңгеруді, В1-В2 деңгейлері - өз бетінше сөйлесетіндей дәрежеде меңгеруді және С1-С2 деңгейлері – мемлекеттік тілді іскерлік деңгейде, яғни еркін меңгеруге бағытталған.
Бұл стандарттарды білім берудің барлық деңгейлеріне – мектепке дейінгі, мектептегі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіне ендірудің маңызы аса зор. Мемлекеттік тілді меңгеру процесі әрбір Қазақстан азаматының білім алуы барысында жүзеге асырылуы керек: А1-А2 деңгейлерін ол бала бақшада және бастауыш мектепте оқыған кездерінде, В1-В2 деңгейлерін мектептің орта және жоғары сыныптарында оқыған кезінде игереді, С1-С2 деңгейлеріне жоғары оқу орнында оқыған және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу барысында қол жеткізеді.
Бұдан басқа, қазақ тілінде оқытатын білім беру мекемелері желісін кеңейту және қазақ тілі оқытушылары мен мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қажет. Әдіснамалық және ұйымдастыру тұрғысынан мамандарды жоғары сапалы деңгейде оқытудың мүмкіндігі бар ғылыми-білім беру орталықтарының саны аз болуына байланысты білім берудің қашықтан оқыту нысандарын кеңінен енгізу көзделіп отыр.
Бұл міндет тұтасымен қазақстандықтардың жас буынына арналған, олар мемлекеттік тілді балабақша –мектеп – жоғары оқу орындарында үздіксіз оқу арқылы үйренетін болады. Осы мақсат шеңберінде қазақ тілін үйрену негізі Қазақстандағы барлық балабақша жүйесінде басталып, тілдік өзгешелігіне қарамастан барлық қазақ, орыс және ұлттық мектептерде және барлық жоғары оқу орындарында жалғасатын болады. Қазақ тілі 12 жылдық білім беру жүйесімен бір мезгілде Бірыңғай Ұлттық Тестілеу жүйесіне енгізіліп, барлық жоғары оқу орындарында белгілі бір пәндер (мәселен, «Қазақстан тарихы») тек қазақ тілінде оқытылатын болады.
Ал екінші міндет Қазақстандағы ересек тұрғындарға арналған, ол – Қазақ тілін оқыту орталықтарының арнайы аккредитациядан өткен желісін құру.
Бүгінде жұмыс істейтін 101 орталықтан тұратын желі бұдан әрі де көбейетіні сөзсіз және бұған енді мемлекеттік органдар ғана күш-жігер жұмсамайды. Бұл салаға жеке бизнестің де келгені қуантады. Алайда, орталықтардың бәрі бірдей нарықтың талаптарына адал емес десем, әріптестерім менімен келісетін болар. Штатында директор мен бухгалтер ғана бар жеке тұлғаның демпинг арқылы қазақ тілін оқытуға арналған тендерді ұтып алатын кездері аз емес. Сөйтіп, ол бірер мұғалімді жалдап, оқуды қалай болса солай өткізеді де, сонысымен мемлекеттік тілді меңгеру идеясына өлшеусіз нұқсан келтіреді. Бұл ретте Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын міндетті түрде аккредитациялау – мәселені шешудің бір жолы болар еді.
Бұл бағытты іске асыру арқылы орталықтардың білім беру қызметінің міндетті стандарттарын енгізуді ғана емес, олардың қызметін бағалаудың рейтингтік жүйесін енгізу көзделеді. Тыңдаушылардың Қазтесті тапсыру нәтижелері туралы шынайы деректер рейтингтің негізі бола алады. Сондай-ақ Сынақ-біліктілік орталықтары (СБО) желісін құру да көзделген. СБО желісі мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын Қазтест сертификаттарын беруге де, оқытушыларды аттестаттау жүйесін құруға да арналған.
Бірінші мақсатқа қол жеткізудегі үшінші міндетті бағыт мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру жүйесін құруды басқару болмақ.
Бұл бағытты мемлекеттік қызмет саласы, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету жүйесінде жұмыс істейтін ұйымдар қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білу деңгейіне қойылатын ең төменгі талаптарды айқындау арқылы іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, Қазтесттің негізінде үйренушілердің білім деңгейін бақылау мен оларды материалдық жағынан көтермелеу жүйесін енгізу көзделеді.
Білім берудің барлық сатыларында мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау және бақылау жүйесін енгізу, сондай-ақ барлық мүдделі адамдарға тегін курстар ұйымдастыру, дистанциялық оқыту жүйесін кеңінен енгізу және жеке бизнес өкілдерін әріптестікке тарту арқылы да қазақ тілін оқып-үйренуге кеңінен мемлекеттік қолдау көрсету көзделеді.
«Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату» атты екінші мақсатты іске асыру үшін мемлекеттік тілді қолданудың абырой-беделін көтеру және оған деген қажеттілік пен сұранысты кеңейту жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру қарастырылған.
Күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлесу мәдениеттілік пен зиялылықтың дәрежесі саналып, әсіресе жастардың ортасында сәнге, керек десеңіз ұлтты сыйлау, ата-баба тіліне қамқорлық көрсету және қазақ патриотизмінің шынайы көрінісіне айналуға тиіс.
Мемлекеттік тілде сөйлейтін адамның беделді бейнесін қалыптастыру, мемлекеттік тілді әрбір отбасы дәстүрі ретінде көпшілікке таныту, саяси және PR технологиялар арқылы қоғамдық санада қазақ тілін білушілердің артықшылықтарын мықтап орнықтыру міндеттерін іске асыру қажет.
Жасыратын жоқ кешегі Кеңес Одағы кезінде, қазір де болса ара-тұра қазақ тілінде сөйлеу томаға-тұйықтықтың, орыс тілін білмеудің, керек десеңіз артта қалғандықтың белгісі ретінде саналып келді. Енді біз осы келеңсіздікті жойып, керісінше қазақ тілін білу қоғамдық-саяси өмірдің бар саласында өзін еркін сезінудің, қызмет тұрғысынан өсудің, кемелділіктің, кәсіби артықшылықтың белгісі екендігін қалыптастыруымыз керек. Шындығында солай болып келеді де.
Алға қойылған мақсатқа қол жеткізудің екінші бағыты - мемлекеттік тілді қолданудың аясын кеңейту, оны қоғамдық өмірдің барлық саласына кіріктіру болып табылады.
Аталған бағытта сандық теледидарға көшу барысында мемлекеттік тілде хабар тарататын теле және радио арналарын ашу арқылы тілдік ортаны қалыптастырудағы БАҚ рөлін күшейтуге мән берілген. Балалар мен жастарға арналған қазақ тілді контентті кеңейту, мемлекеттік тілді оқыту процесін ұйымдастыруда медиалық саланың әлеуетін белсенді пайдалану қажет. Мемлекеттік тілді үйрететін элементтері бар білім беретін фильмдер, циклды хабарлар, реалити-шоулар мүмкіндігінше көп болуы тиіс.
Сондай-ақ, онлайн нұсқаларын орналастыру (хостинг) арқылы қазақ тілді БАҚ-тарға жүйелі қолдау көрсету және қазақ тіліндегі интернет-ресурстарды мемлекеттік қолдау жүйесін құрудың да маңыз өте зор. Қоғамдағы тіл мәдениетінің қалыптасуына тікелей ықпал ететін адамдар ретінде, БАҚ қызметкерлеріне қойылатын міндетті тілдік біліктілік талаптарын енгізуге ерекше мән беру керек.
Осы бағытта мемлекеттік тілді ғылым, заң және жаңа технологиялар тілі ретінде дамыту жөніндегі шаралар, сондай-ақ қазақ тілін халықаралық қатынас, демалу және ойын-сауық саласында қолдануды кеңейту қарастырылады.
«Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың күш-қуаты» атты үшінші мақсат ең алдымен, терминология және ономастика саласындағы жұмысты жақсарту арқылы қазақ тілінің лексикалық қорын одан әрі жетілдіру мен жүйеге келтіру жөніндегі шаралар жүйесін іске асыруды көздейді. Атаулар беру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет.
Бұл бағытта мемлекеттік терминологиялық комиссияның құрамын жаңарту, оның статусын көтеру, терминологиялық сөздікті Үкімет қаулысымен бекіту, жер-су атауларын өзгертумен айналысатын ономастика комиссиясының жұмысын реттеу жүзеге асырылатын болады.
Тіл үнемі дамып отыратын құбылыс. Мәселен, орыстың ең ұлы ақыны Пушкин өз шығармаларында 26 мың сөзді пайдаланған. 18-ғасырда жарық көрген «Словарь Академии Российской» сөздігінде небәрі 40 мың сөз болған. 1949 жылы жарық көрген С.И.Ожеговтың «Словарь русского языка» сөздігінде бар болғаны 50 000 сөз болса, оның 1994 жылғы басылымында ол 75 000-ға көбейген. Ал 1948-65 жылдары шыққан 17 томдық «Словарь современного русского литературного языка» атты басылымда 120 мың орыс сөзі тіркелген. Осы сөздіктің соңғы басылымындағы орыс тіліндегі сөздер 180 мыңға дейін жеткен.
Мұның бәрін келтіріп отырғаным Пушкин, Толстой, Достоевскийдің тілі бір күнде қалыптасқан жоқ, термин сөздерді өзге тілдерден батыл енгізудің арқасында өсіп, өркендеп, бүгінгі дәрежесіне жетті.
Ендеше қазақ тілінің терминдік қорын қалыптастыруда біз осы бағытты ұстануымыз керек. Әлем тілдерінде еркін қолданылатын паспорт, музей, архив деген сияқты сөздерді орынды, орынсыз қазақшалауды қойған жөн.
Келесі жылы біз осы бағдарлама аясында 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігін шығаруды аяқтаймыз. Онда қазіргі қазақ әдеби тіліндегі 150 000 сөз қамтылады. Бұл бәріміздің ана тіліміз – барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілінің әлемдегі ең бай тілдердің бірі екендігін соқырға таяқ ұстатқандай, тайға таңба басқандай дәлелдейтін болады.
Келесі жылы қазақ тілінің орфографиялық сөздігі Мемлекеттік терминология комиссиясының мақұлдауымен, ең бастысы Үкімет қаулысымен басылып шығады. Бұл жыл сайынғы оқушылар шығармасын бағалаудағы кейбір келеңсіздіктерді біржолата жойып, дұрыс жазу мәдениетін қалыптастырады деп кәміл сенемін.
Дәл осы бағдарлама аясында келесі жылы 30 томдық қазақ тілінің салалық терминологиялық сөздігі жарық көріп, ол да Үкімет қаулысымен бекітіледі.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Сіз Мемлекеттік терминология комиссиясының мәртебесін үкіметтік деңгейге көтеру қажеттігі туралы мәселені принциптік тұрғыдан қолдадыңыз.
Сондай-ақ, Сіз Үкімет қаулысымен бекітілген салалық терминологиялық сөздіктерді шығару жобасына да қолдау көрсеттіңіз.
Орайы келген сәтті пайдаланып, Сізге осы бастамаларды қолдағаныңыз үшін ризашылымызды білдіруге рұқсат етіңіз.
Үшінші мақсаттағы атқарылатын жұмыстардың бір парасы тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуына бақылауды күшейту болып табылады. Осы саладағы өрескел заң бұзушылықтармен күн сайын бетпе-бет келіп жүрген өңірлік тіл басқармалардағы әріптестерімнің мені қолдайтынына сенімдімін.
Үшінші мақсатқа қол жеткізудің тағы бір бағыты – сөйлеу мәдениетін дамыту, қазақ тілінде жазуды жетілдіру және толерантты тілдік орта құру арқылы тіл мәдениетін жетілдіру болып табылады.
«Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту» атты төртінші мақсатты іске асыру – орыс және шетел тілдерін оқып үйренуге арналған.
Біз Ұлы Абай атамыздың «орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр» - деген сөздерін сөздерін ұмытпауымыз керек. Бірде-бір қазақ орыс тілінен жаманшылық көрген емес. Керісінше Абай атамыз айтқан ғылым мен өнердің, бүкіл дүниенің хикметтерін орыс тілінен аударған телегей-теңіз кітаптар арқылы таныдық. Осы артықшылығымыздан ешуақытта айрылмауымыз керек.
Төртінші мақсаттың тағы бір маңызды бағыты – шетел тілдерін, әсіресе ағылшын тілін үйрену. Бұл - өмір қажеттілігі, әлемдік бәсекеге қабілеттілік белгісі. Ендеше өзімізді де, балаларымызды да шетел тілдерін үйренуге дағдыландыруымыз керек.
Төртінші мақсаттың аясында Қазақстанда тұратын этностар тілдерін оқып-үйрену және сақтау үшін қолайлы жағдай жасау көзделген. Қазақстанның көп ұлтты халқының тілінің көп тілділігі біздің мәдениетімізді айтарлықтай байыта түседі.
Бағдарламаны іске асырудың он жылдық кезеңі алдымызға жаңа міндеттер жүктейді. Олардың бәрін рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар.
* * *
Осылайша, құрметті әріптестер, бүгін сіздердің назарларыңызға ұсынылған Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы кешенді жұмыс құжаты болып табылады.
Бағдарламаны әзірлеу үшін негізге алынған басты принциптер – білім берудің үздіксіздігі мен барлық мақсатты аудиторияларды қамту.
Бағдарламаны іске асыру 3 кезеңге есептелген.
Бірінші кезеңде 2011-2013 жылдары қажетті нормативтік-құқықтық базаны, оның ішінде «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның жобасын әзірлеу және мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі бойынша міндетті талаптар қойылатын мамандықтардың тізбесін енгізу және бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алу болжанып отыр.
Екінші кезең Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша алға қойылған міндеттерді іс жүзінде іске асыруды – ұйымдастырушылық және әдіснамалық жұмыс кешенін ұйымдастыруды көздейді.
Үшінші кезеңде іс-шаралар тиімділігінің жүйелі мониторингі мен бағдарлама индикаторларын бақылау арқылы қол жеткен нәтижелерді мемлекет өмірінің барлық саласына берік орнықтыру жүзеге асырылды.
Алға қойылған міндеттерді іске асыру 2020 жылға қарай мынадай нық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:
– мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесі қазіргі 60%-дан 95 %-ға дейін өседі,
– орыс тілін меңгерген қазақстандықтардың үлесі кемінде 90%-ды құрайды,
– ағылшын тілін меңгерген қазақстандықтардың үлесі шамамен 20% болады.
Құрметті әріптестер!
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі Елбасымыз атап айтқандай «барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы» екендігін әрқашан есте сақтауымыз керек.
Бүгінде қазақ тілінде жер бетінде 15 миллионнан астам адам сөйлейді. Егер қазақ тілінің түркі тілдер тобына кіретінін, әлемдегі 30-ға жуық түркі тілдерінде 200 миллионға жақын адамның сөйлейтінін ескерер болсақ қазақ тілін ұғатын, түсінетін, оны ұлтаралық қатынас құралы ретінде пайдалана алатындар саны еселеп өседі. Ендеше саны кешегі Кеңес Одағы құрамында болған латыш, литван, эстон, молдован, армян, грузин, тәжік тілінде сөйлейтіндерден екі есе көп, ал Еуропадағы дамыған финн, норвег, швед, дат, венгр, чех, словак, тілдерінде сөйлейтіндердің санынан әлдеқайда басым, аса бай тарихы, сөздік қоры қалыптасқан тілдік жүйесі, орасан зор әлеуеті бар, ең алдымен қарыштап дамып келе жатқан Қазақстан Республикасы сияқты тәуелсіз мемлекеті бар елдің барша азаматтарының мемлекеттік тілі – қазақ тілін өркендету баршамыздың бүгінгі ұрпақ алдындағы қарызымыз.
2020 жылға дейінгі мерзімге арналған мемлекеттік бағдарлама жасау – Елбасымыздың Үкіметке берген тікелей тапсырмасы. Нұрсұлтан Әбішұлы ел тәуелсіздігінің тірегі болумен қатар, мемлекеттік тілдің де ең басты қамқоршысы екендігін атап айтқым келеді. Ендеше Елбасының тапсырмасын орындау әрбір мемлекеттік қызметшінің ғана емес, барша қазақстандықтардың абзал борышы деп білемін.
Мемлекеттік бағдарлама жобасында алға қойылған мақсат, міндеттер айқын, нақты, әрі орындалуы толық мүмкін екендігін атап айтқым келеді. Бағдарламаны жасау барысында жұмысшы тобы мүшелерінен жүзден астам ұсыныстар келіп түсті. Олардың басым көпшілігі осы жобада ескерілді. Енді жоба көпшіліктің талқысына ұсынылып отыр. Сондықтан сараптамашы қоғамдастықты және белсенді азаматтық ұстанымы бар барлық қазақстандықтарды ұсынылған жобаны талқылауға қатысуға оның кем-кетігі болса толықтыруға шақырамын. Оған уақыт та, мүмкіндік те жетеді.
Көңіл қойып, тыңдағандарыңызға рахмет!
|