Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі Астананың туған күні қарсаңында дәстүрге айналған «Опералия» Халықаралық музыкалық фестивалін биыл 5 мәрте өткізгелі отыр. Бұл фестиваль барысында Елорда қонақтары мен тұрғындары әр жылдары дирижер Валерий Гергиев жетекшілігіндегі Мариин театрының симфониялық оркестрінің өнерін тамашалап, «әлемнің ең үздік баритоны» Дмитрий Хворостовскийдің даусына сүйсініп, Ла Скала және Метрополитен Опера театрларының теңдессіз опера әншілеріне қол соғып, Антонио Гадес жетекшілігіндегі Фламенко театрының испандық бишілерінің өнеріне таңдай қағып, Ресейдің Үлкен театрының балет солистерінің иірімді билеріне куә болу мүмкіндігіне қол жеткізген.
Қазақтың төрінде ұйымдастырылатын музыка мен бидің салтанатты фестивалі қоғам арасында барынша қызығушылық тудырып, есте қаларлықтай мерейлі думанға айналып отыр. «Опералияның» өрісі жыл санап өркендеп, керегесі кеңейіп, көрермендері көбею үстінде.
V Фестиваль барысында 2010 жылдың 25-26 маусымында Астананың Бейбітшілік және Келісім сарайында композитор Алмас Серкебаевтың «Астана!...» мюзиклінің премьерасы өтті.
2010 жылдың 1 шілдесінде сағат 19.00-де Бейбітшілік және Келісім сарайында әлем операсының інжу маржандары – «21 ғасырдың ең үздік теноры» Хосе Кура (Аргентина), асқақ әнші Барбара Фриттоли (Италия), дирижер Алан Бөрібаевтың қатысуымен «Әлемдік опера жұлдыздары» Гала-концерті өтеді. Кеште К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері Т. Мұсабаев, А. Жылтыркөзов, А. Ниязова, С. Ахметова, С. Байғожин өнер көрсетеді.
3 шілдеде сағат 19.00-де Музыкалық фестиваль «Қазақстан» Орталық концерт залында «Әлемдік балет жұлдыздары» Гала-концертімен жалғаса түседі. Концертте Астанада алғаш рет аты аңызға айналған «Бидің патшасы» Николай Цискаридзе және Германия, Түркия, Қытай, АҚШ, Қазақстан театрларының жетекші солистері өнер көрсетеді. Концертте қазақ өнерін Цюрих операсы театрының прима-балеринасы Ә. Танықпаева және К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері С. Кауков, М. Басбаева, Ж. Әубәкіров таныстырады.
Мәдени шараның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі, «Қазақ әуендері» АҚ.
|