Ұлы кейіпкерлер санамда мәңгі қалады

Айқын, 15.06.10.

Жұмабек АШУҰЛЫ, Халықаралық Абай қорының Бас директоры: Ұлы кейіпкерлер санамда мәңгі қалады

«Кітап - жан азығы»... Осы сөзді атамыз қазақ бекер айтпаған. Шындығында, кітап - адам баласы үшін үлкен рухани азық. Бұл - біріншіден. Екіншіден - кітап оқырман үшін болашаққа жол сілтейтін айнымас темірқазық».

Бұл - «Айқында» әр апта сайын жарияланып жүрген «Менің сүйікті кейіпкерім» айдарының бүгінгі қонағы, Халықаралық Абай қорының Бас директоры Жұмабек Ашуұлының пікірі.

Естуімше, Жұмабектің әкесі Ашу марқұм кітапқұмар адам болған екен. Сондықтан да оның үйінде алуан түрлі тақырыптағы кітаптар өте көп болыпты. Тіпті ауылдағы мектеп мұғалімдерінің өзі қажет кітаптарын Ашу ақсақалдан алып тұрыпты. Ал көп балалы (жеті ұл, төрт қыз) отбасында өмірге келген Жұмабектің құрдастарынан бір ерекшелігі, ол жастайынан батырлар жырымен, қала берді, қазақ ауыз әдебиетінің мол мұрасынан еркін сусындап өсіпті.

- Егер сонау балалық шағымды еске алсам, біздің үйдегі бір бөлменің қабырғалары кітапқа сіресіп тұратын. Бала болсам да таңғалатыным, әкем Ашу қай кітабының қай жерде тұрғанына дейін көзін жұмып тұрып тауып алатын. Өте зерек, содан соң ізденгіш адам еді. Әйтеуір менің білетінім, біз сабақтан келгенде ол кісі есік алдындағы ағаштың көлеңкесінде әлдебір кітаптардың бетін ақтарып-теңкеріп жататын. Содан қасына келіп, қисайып жатып, біз де кітапқа үңілеміз. Балалық болса керек, біз бастапқыда қолымызға алған кітаптарды алма-кезек ауыстырып, ондағы суреттерді қызықтайтынбыз. Біздің бұл әдетімізді сырттай бақылап жүрген әкем марқұм бірде: «Жұмаш, кел бері!» деп шақырып алып: - Мынау жатқан кітаптар - үлкен қазына. Егер сен осында жазылған жайттарды шын ниетіңмен беріліп, қызыға, бар зейініңмен оқысаң, онда саған берері көп. Қазір кішкентайсың, күні ертең адам болып қалыптасуыңа да осы кітаптардың септігі тиеді. Сондықтан да балам, оның суреттеріне көп қызықпай, ішінде жазылған інжу-маржандарды теруге ұмтыл. Сонда үлкен азамат боласың!» - деп айтқан әкелік ақыл-кеңесі менің күні кешегідей есімде. Содан мен әкемнің айтуымен, бастауыш сыныпта «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» жырларын қолыма алып, қазақ батырларының батырлығына әбден сусындадым. Әлі есімде, табақтай үлкен қызыл кітаптарды көтеру шынышақтай маған оңайға тимейтін. Сонда мен «амалымды асырып», әлгі кітаптарды етбеттеп жатып оқитынмын. Батырлар жырын «тауысқан соң», біртіндеп «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» секілді лиро-эпостық жырларға «ауыз» салдым. Бір қызығы, өзім оқып, батырлығы мен ерлігіне тәнті болған Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын батырлар секілді батыр болғым келді. Содан әкемнің небір хас асауларды тізгіндейтін құрығын ат қып мініп алып, қолымдағы қамшыны олай-былай сілтеп «Қане, қарсы келер қайсың бар? Шығыңдар, жекпе-жекке!» - деп ауылдың шаңын будақ-будақ көтеретінмін. Кейіннен ұмытпасам, 6-сыныпта болуы керек, нағашы атам маған бәсіреге тай мінгізгені бар. Міне, сол күннен бастап мен әкемнің құрығын емес, ақырындап тайымды ертеп мінетін болдым. Күрең тайыма мініп, туған ауылымды жаудан қорғағым келді. Бірақ ол кез қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш заман еді, - дейді кешегі кітапқұмар бала Жұмабек Ашуұлы.

Содан 8-сыныптан 9-сыныпқа көшкен Жұмабекті өзгеше әлем өзіне айрықша баурапты. Ол бір сәт былғары қолғап киіп, қарсыласын ойсырата жеңе білетін боксшы болуды армандапты. Жас Жұмабектің бұл бағыттағы қиялына «қамшы салдырған» танымал балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» деп аталатын шығармасы көрінеді. Сондықтан ес біле келе Жұмекең жазушының дәл осы шығармасын айрықша ынтамен парақтапты.

- Бердібек ағаның «Жекпе-жегін» оқығаннан кейін ал мені тоқтатсыншы. Өйткені мен осы шығармадағы басты кейіпкер Мұратқа ұқсап боксер болғым келді де тұрды. Аңсарым, есіл-дертім былғары қолғапқа ауды. Ол кез ауылдық жерде былғары қолғап дегенің жоқ. Ал «былғары қолғап» менің ынтазарымды алып, есімді өзіне аударды. Әкеме «былғары қолғап тауып бер» деп қиқаңды салдым. Амал нешік, сөйтіп жүргенде көршілес ауылдағы бір туысымның үйіне бара қалмаймыз ба? Сонда менің көзім басқаға емес, сонадай жерде қораның жақтауында ілулі тұрған былғары қолғапқа түсті. Сөйтсек, ол осы үйдің баласы, күзде әскер қатарына шақырылған Азаматтың бокс қолғабы екен. Осылайша, ойда-жақта олжалы болып, ауылға әлгі қолғапты алып келдім. Жатпай-тұрмай ауылда өсіп тұрған тал-теректі, қала берді, қаша бағандарын әлгі қолғапты киіп алып тұрып, ертелі-кеш «сабаймын». Бірақ ержете келе боксшылық менің қолымнан келмейтінін түсініп, жас күнімде арман мен қиялға айналған боксшылықпен хош айтыстым. Өз басым мұны кітаптағы сүйікті кейіпкеріме еліктеу деп ұқтым, - деп Жұмабек Ашуұлы өткен күнді еске алды.

Әсілінде, қарапайым өмірде де кейіпкерлердің кездесетіні бар. Мысалы, саналы ғұмырының 19 жылын айдауда өткізіп, «халық жауы» атанған Бекболат Мұстафин ақсақалды Жұмабек өз өмірінде кездескен көзі тірі кейіпкерге балап, оның өмірге деген құштарлығы мен табандылығына, қайтпас қайсарлығы мен ержүректігіне бас иеді. «Мен Бекболат ақсақалмен соңғы жылдары біраз уақыт бірге жүрдім. Тіпті ол кісі менің ақылшыма да айналды. Бекболат ақсақалдың басынан кешкендері оңай нәрсе емес. Өйткені ол кісі ит тұмсығы батпас сонау тайгадағы түрмеден қашып шығып келе жатқанда, оны сол заманның жандайшаптары қайта ұстап беріп, ол кісі өлім жазасына кесіледі. Алайда кейіннен өлім жазасы 19 жыл түрмеде отыруға айырбасталады. Десек те, саясаттың құрбанына айнала жаздаған Бекболат ақсақал Сәкеншілеп айтсақ, қаншама жыл «тар жол, тайғақ кешуді» бастан кешіріп, аман-сау туған еліне оралды. Мұнда оралған соң қол қусырып қарап отырған жоқ. Сол бір қуғын-сүргін жылдарында жазықсыздан жазықсыз жапа шеккен азаматтардың есімін ұлықтап, рухын биіктету мақсатында арнайы қоғам құрып, сол қоғамды өле-өлгенше өзі басқарды. Өз басым Бекболат ақсақалдың қасында бірге жүрген жылдарымда жұдырықтай адамның ел үшін, жер үшін, ұлт үшін қашанда бәріне дайын екендігін ұқтым. Бекболат ағаның қайсарлығы мен өрлігіне, биік рухына куә болдым.

Тағы бір маңызды нәрсе, мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын қайталап оқыған сайын ақын Абайдың ұлылығы мен данышпандығын жаңа қырынан байқап, осындай ұмытылмас кейіпкерді - Ұлы Абайды елімізге ғана емес, әлем жұртшылығына кеңінен таныстырған Мұқаңның, Мұхтар Әуезовтің парасат-пайымына ризамын. Ұлы Абай: «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын?..» деп кейінгі ұрпаққа ұлағатты сөз қалдырды. Қандай керемет!.. Бұл - өмір сабағы! Міне, біздер - бүгінгі күннің кейіпкерлері, кешегі күннің осындай ойлы кейіпкерлерінің айтқан асыл сөздерін жадымызда сақтап, сол бағытта тірлік кешуіміз қажет. Сондықтан да осындай ұлы кейіпкерлер өздерінің ұлағатты сөздерімен, саналы іс-әрекеттерімен менің сүйікті кейіпкерім ретінде мәңгі санамда қалады», - деп тебіренді бір сәт Жұмабек Ашуұлы.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ