«Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін рәсімдеуді реттеу мәселелері» атты республикалық «дөңгелек үстел» туралы


Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті 2010 жылғы 3 наурызда «Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін рәсімдеуді реттеу мәселелері» тақырыбында республикалық «дөңгелек үстел» өткізді.
Отырыстың мақсаты – қазақ азаматтарының аты-жөндерін ретке келтіру және жазу кезінде негізгі антропонимиялық қағидаттарын сақтау, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, тиісті ақпарат тарату, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру.
«Дөңгелек үстелге» ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттаттары, Үкімет жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының мүшелері, зиялы қауым өкілдері және ғалымдар мен зерттеуші-мамандар, Астана қаласы Әділет департаменті АХАЖ бөлімдерінің, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының басшылары мен орталық атқарушы органдардағы тіл дамыту құрылымдарының жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.
Жиын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шаймерденнің кіріспе сөзімен ашылды.
Сонымен қатар, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Жанұзақовтың, Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, ф.ғ.д., профессор Ш. Құрманбайұлының, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары А.Нұхұлының, ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары К. Қожамбердиевтің, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің оқытушысы ф.ғ.к., доцент Б. Досжанның, «Нұр – Мүбәрәк» университетінің оқытушысы, ф.ғ.к., доцент Н. Рсалиеваның, Астана қаласы Әділет департаменті АХАЖ бөлімінің бастығы Г. Сағындықованың, Астана қалалық Тіл басқармасының бастығы О.Асанғазықызының және т. б. Ономастикалық комиссия мүшелерінің баяндамалары тыңдалды.