Егемен Қазақстан, № 73-75, 26.02.2010
Күй – көне замандардан күні бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер.
Ұлт мәдениетінің арғы-бергі тарихын зерттеп, жүйелеп, бүгінгі жас ұрпақтың кәдесіне жарату және оны әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында жасалған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы аясында “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” жобасының жүзеге асырылуын ұлттық музыка тарихындағы елеулі оқиға деп бағалаймын.
Қазақтың ұлы ақыны Абай: “Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй”, деп жырлағандай, қазақтардың сан буыны Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, Абыл сияқты халқымыздың асыл өнерін ұстаған ұлы күйшілердің мол мұрасымен сусындап өсті.
“Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” шеңберінде бағзы замандардан келе жатқан күй атасы Қорқыттан бастап Ықыласқа дейінгі қобызға арналған күйлер мен Сармалай бастаған сыбызғы күйлерінің де сараланып осы жинаққа енгізілуі – жобаның құнын арттыра түсетін соны жаңалық.
Еліміздің алуан аймақтарында қалыптасқан Шығыс, Батыс, Арқа, Қаратау, Жетісу, Сыр бойы, Маңғыстау күй мектептері ғана емес, елімізден тысқары Моңғолия, Қытай қазақтарының күй дәстүрлерінің бір жобада тоғысуын терең тамырлы халқымыздың мәдени бірлігінің айқын айғағы деп бағалаған жөн.
Қай замандағы болмасын күй өнеріндегі ортақ сарын – азаттыққа, бостандыққа ұмтылу, ел тәуелсіздігін аңсау. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ күйлері – халқымыздың ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ жүзеге асырған, тәуелсіздікті жақындатқан ең қастерлі құндылық.
Қазақтың Д.Нұрпейісова, Қ.Жантілеуов, Ж.Қаламбаев, Д.Мықтыбаев, Т.Момбеков, Г.Асқаров, У.Бекенов, Қ.Ахмедияров, Ә.Есқалиев, А.Үлкенбаева, т.б дәулескер домбырашылар орындауындағы 1000 күй ұлтымыздың ұлы қазынасы ретінде туған халқының жүрегіне жол тартты. Оның бүгінгі және болашақ ұрпақтың рухани азығы мен игілігіне айналатынына және жаңа ізденістерге бастап, алдағы уақыттарда жарасты жалғастығын табатынына кәміл сенемін.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
|