БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ

Егемен Қазақстан, № 73-75, 26.02.2010


Ел өміріндегі елеулі оқиға саналатын, қазақ үшін қабырғалы да қазыналы іс – күні кеше ғана тұсауы кесілген “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” антологиясы дер едім. Ұлттың ұлылығын, жұрттың мықтылығын танытатын рухани құндылықтары, оны мұра етіп қалдырған ой өлшемі биік, қаны да, жаны да таза арыстар екені айдан анық.
Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйытқы болуымен “Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні” жобасы негізінде іске асып отырғанынан хабардармын.
Жалпы, күй өнерінің өмірге келген кезеңін тап басып ешкім айта алмаса керек. Тіпті біздің дәуірімізге дейін де алуан түрлі сарындардың болғаны, оны орындаған аспаптардың сақталғаны мәлім. Ал көне ғасырдағы Қорқыт, ХІІ ғасырдағы Кетбұға, ХІV-XV ғасырлардағы Асанқайғы, Қазтуған, XVІ-XVІІ ғасырлардағы Байжігіт, XVІІІ ғасырдағы Абылайхан, XІХ ғасырдың басындағы Құрманғазы, Абыл, т.б. алыптар, олардың ізін қуған дара таланттар тарау-тарау әңгіменің, том-том кітаптың арқауы болары сөзсіз. Болып та жатыр. Осы жауһарларымызға кешегі кеңестік дәуірде көп мән бере қоймадық. Атүсті қарап, өзгенің әніне еліктеп келдік. Сөйтсек, кіммен де болса тереземіз тең түсетін, иықтаса алатын дүниелеріміз жетіп артылады екен. Соның бір парасын кезінде А.Затаевич жинақтап бастырса, Е.Брусиловский опералық шығармаларға тиімді пайдалана білді. Мұның өзі қазақтың ән мен күйін қажетіңе жарата алсаң, қандай шығармамен де ұштасып кететінін, ажарын ашып, айбынын асыратынын аңғаруға болады.
Өнердің шыңы опера дейміз. Сол операңызға, нақтылай түссек Е.Брусиловскийдің “Қыз Жібек” операсына 24-26 ән-күй пайдаланылса, Мұқан Төлебаев “Біржан Сара” операсына Соқыр Есжанның иірімдері әдемі қолданыла білінді. Ал мен “Қамар сұлу” операма “Дайрабайды” қолданғанымда ол жаңа заманға қарай ажарын ашып, жұрттың назарын бірден аударды. Тіпті, бірте-бірте әлемдік деңгейге көтеріліп, өзге ұлттардың аспабында да күмбірлеп, көңілдің көкжиегін кеңейтті.
Мен бұл құндылықты әлі де аясын кеңітетін, арқауын ұзартатын ұлттық дүниелеріміздің бастау басы дер едім. Бастаудан тұнып шыққан өнердің мөлдір бұлағы әлі де жалғасын таба береді. Тек оған дәл осылай мән беріп, өркенін өсіріп, тамырын тереңдетіп, жапырағын жайқалта алсақ болғаны. Және өшпес өнердің тәуелсіз ел болғаннан кейінгі тұстағы бұл жаңғыруын мен тұсаукесер рәсімінде естіп отырып, кәрі кеудемді қуаныш кернеді. Ұлт жанашыры Елбасынан бастап, алғысымды сол арада айта алмағаныммен, енді міне, ел газеті арқылы жеткізуді жөн көрдім.

Еркеғали РАХМАДИЕВ, КСРО халық әртісі, композитор.