Егемен Қазақстан, № 73-75, 26.02.2010
Дүние жүзінде эпос тудырған төрт-бес-ақ халық бар. Бүгінде бір жарым миллиардтан асқан Қытай да, өркениеттің шыңына жеттік деген Еуропа елдері де эпос тудыра алған жоқ. Ал, қазақ – эпос тудырған халық.
Қазақ – өзінің мұңын айтып жеткізетін, шерін тарқататын, сан мың жылғы тарихын жадында сақтай алатын қобыз, домбыра секілді құдіретті аспаптарды дүниеге әкелген халық. Бұл екеуі де – көкірегі көмбеге толы халықтың мұңшылары. Осы құдіреттерді тудырып, оларға тіл бітірген ғажап өнер адамдары да қазақ халқынан шыққан.
Қобызда ықылым замандардан күні бүгінге дейін Қорқыттың алдына түскен ешкім жоқ. Домбырада баяғы Кетбұғадан бермен қарай кешегі көзіміз көрген Нұрғисаға дейін біздің ғажайып ұлтымыздың ұлылары, тек қазақ мәдениетіне ғана емес, адамзат мәдениетіне де үлкен үлес қосқан өнерпаздар еді.
Өнерді жасайтын да, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін де – халық. Өнерді адам тудырады, адамды заман тудырады. Ән жүректен, перзент тілектен, күй көңілден, бәрі де өмірден туады. Сондай өлмейтін, тозбайтын өнер тудырған ұлылардың шет жағасын біз де көзімізбен көрдік. Мәселен, кешегі Төлеген Момбеков, Нұрғиса Тілендиевтер домбыра тартқанда күй домбыраның шанағынан емес, екеуінің кеудесінен шыққандай болатын. Өкініші, бұл құбылысты да біздің музыка зерттеушілеріміз әлі түсіндіріп бере алмай келеді.
Бүгінде домбыраның шанағынан туған шығармалары әлдеқашан жұртшылықпен біте қайнасып, өнеріміздің алтын қорына қосылып кеткен өнер иелері арамызда да жоқ емес, бар. Мен сондай өнерпаздың қатарына Секен Тұрысбековті жатқызар едім.
Бүгінгі күн шын мәнінде қазақ мәдениетінің тарихына алтын әріптермен жазылатын тарихи күн болып отыр. Олай болатыны, “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” антологиясы қолымызға тиіп отыр. Аталған еңбектің Елбасының алғысөзімен жарық көруі де жинақтың құндылығын асыра түскендей. Мен мұны Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасының нақты жемісі деп ойлаймын.
Аталған еңбекте халқымыздың байтақ шежіресін домбыраның шанағына бөлеп, бүгінге жеткізген Кетбұғадан бастап, ортамызда жүрген Секен Тұрысбековке дейінгі бармағынан күй саулаған өнер құдіреттерінің күйлері жинақталған екен. Бір сөзбен айтқанда, бұл еңбекті қазақ халқының он ғасырлық музыкалық шежіресі деп атауға болғандай. Ендігі жерде осы керемет жобаны ел ішіне, тіпті әлемге насихаттау жағы мықтап қолға алынса жөн болар еді. Өз басым бұл еңбекті халқымыздың рухани мұрасын байытатын, мерейін тасытатын, тіпті әрбір ұзатылған қыздың жасауына қосып берердей құнды қазына деп ойлаймын. Ендігі жерде қазақ халқының байтақ эпостық жырлары, әндері мен алтын қорда сақталған айтыстарды шығаруды қолға алуымыз керек. Біз онсыз да бірталай асылдарымыздан көз жазып қалған елміз.
Осындай жоғалғанымызды толтырып, өшкенімізді жандырған теңдессіз музыкалық жобаны жүзеге асырып, халқымыздың он ғасырлық музыкалық мұрасын қайта жаңғыртып, қолымызға ұстатқан Мәдениет және ақпарат министрі, ұлтжанды азамат Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға, “Қазақстан халқының рухани даму қоры” АҚ басшысы Алмаз Нұрасханға, т.б. алғысымды білдіріп, Тәңір жарылқасын айтамын.
Халқымыздың 10 ғасырлық музыкалық мұрасымен қауышқан күн құтты болсын, ағайын!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ
|