МҮДДЕ – ОРТАҚ, МАҚСАТ – БІР

Егемен Қазақстан, № 73-75, 26.02.2010


Ұлттық кітапханада Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен 2009-2011 жылдарға арналған “Мәдени мұра” стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Отырыста негізінен “Мәдени мұра” бағдарламасы іс-шаралар жоспарының өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындылары түйінделіп, ұлттық тарихи-мәдени мұраны насихаттау барысы сөз болды. “Мәдени мұра” бағдарламасы мемлекеттің мәдениетке деген көзқарасын айқындайтын маңызды жоба” деп сөз бастаған Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев жақында Елбасының әдебиет пен мәдениеттің бір топ қайраткерлерімен кездескен кезде осы бағдарламаға тағы да жақсы баға бергенін, биік мәдениет – ұлттың көрсеткіші екенін айрықша атап, бағдарлама қай кезде де мәдени өміріміздегі тарихи оқиға болып қалатынын айтып өткенін еске салған. Былтырғы жылдың басында Елбасының тапсырмасымен 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспар аясында Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым, Туризм және спорт министрліктеріне, оларға қарасты мекемелерге көптеген міндеттер жүктелгенін, соған байланысты бірталай жұмыстар атқарылғанын баяндаған төраға тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып келе жатқанын, қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілгенін, ұлттық және әлемдік ой-сана, әдебиет пен мәдениет бойынша кітап сериялары жарық көргенін әңгімеледі. Соған қарамастан бұл салада қыруар істер де күтіп тұрғанын мәлімдей келіп, Берел қорық-мұражайында басталған жұмыстардың тоқтап қалғанын, осыған байланысты жуық арада тиісті қаржы көзін тауып, бұл жұмыстарды әрмен қарай жалғастырмаса бұрын салынған біраз нысандардың тозып кетуі әбден мүмкін екенін ескертті. Өткен жылы Туризм және спорт министрлігіне Отырар ауданындағы туризм инфрақұрылымын дамыту үшін әзірлеген құрылыс жұмысын қарауды тапсырғанын, бірақ та одан әлі күнге дейін нәтиже шыға қоймағанын, сондай-ақ “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында шығатын кейбір кітаптар ғылыми кеңестің талқысына салынбай, баспаға асығыс тапсырылатынын сынға алды. Ал жарық көріп жатқан кітаптардың кейбірінің аударма сапасы нашар, төмен деңгейде деген пікірлер айтылып жататынын жоққа шығармады. Жоспарланған, бірнеше жыл бұрын қаржысы бөлінген, бірақ шықпай жатқан кітаптарымыз да жоқ емес деген ой айтты. “Айта берсек мұндай проблемалар баршылық. Сондықтан бүгінгі мақсат – алда қандай өзекті мәселелер тұрғанын талқылау, екінші жағынан соларды шешу жолдарын қарастыру, сөйтіп алдағы жылы атап өтілетін тәуелсіздіктің 20 жылдығына дайындықты күшейту”, деп басты мәселеге ойысты.
Кеңес отырысында “Мәдени мұра” бағдарламасы іс-шаралар жоспарының 2009 жылғы атқарылған жұмыс қорытындылары және ұлттық тарихи-мәдени мұраны насихаттау барысы туралы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндама жасады. “Мәдени мұра” стратегиялық ұлттық жобасы 5 жылдың ішінде 2008 жылға дейін өте үлкен деңгейде жүргізілгенін, жобаға республиканың барлық ғылыми-мәдени зиялы қауымы түгелдей дерлік қатысқанын, жоба шын мәнінде қазақ халқының бес мың жылдық тарихына, арғы заманнан күні бүгінге дейінгі тарихына қатысты жәдігерлерді жүйелеп, зерделеп қалың жұртқа ұсынумен келе жатқанын тілге тиек еткен министр өткен жылғы жұмыстардың қорытындыларына тоқталды. Былтыр 26 тарихи нысанда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қапшағайдың түбіндегі Таңбалы тас петроглифтері, Ақтөбедегі Қарағұл, Қызылордадағы Асанас, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қарашаш ана кесенелері мен Баба Ата сарай-қамал кешенін, сондай-ақ басқа да тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Осы нысандардың барлығы дерлік қазіргі Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” магистральды-трансұлттық тас жолының бойында орналасқан. Ертең сол жолдардың бойында неше түрлі автобекеттер салынып, сырттан келген адам осы өңірдің тарихи құндылықтарымен танысуына мүмкіндіктер туады. Екіншіден, тек қана 2009 жылы 49 қорған, мазарат, қалашықтарда археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Солардың ішінде Ақмола облысындағы Бозоқ – астанамыздың тарихын әріден бастау үшін Елбасының тікелей өзінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан тарихи ескерткіш саналады. Алматы облысындағы Есік, Қойлық, Талғар, Атыраудағы Сарайшық, Оңтүстік Қазақстандағы Жуантөбе, Қараспан төбе, Шымкенттегі Сауран, Сидақ, Созақ, Отырар, Шығыс Қазақстандағы Берел, Шілікті, Жамбыл облысындағы Ақыртас, Батыс Қазақстандағы Қырық оба, Қарағанды облысындағы Тоқтауыл, Айбас, Кент, Талдысай, тағы басқа қоныстар мен қалашықтарда біраз жұмыстар жүзеге асырылғаны және бұлар бір жылдың ішінде бітетін жұмыстар емес, біртіндеп ретімен атқарылатыны айтылды.
“Мәдени мұра” стратегиялық ұлттық жобасы тарих және мәдениет, археология, сәулет ескерткіштерінің маңыздыларын қайта жаңғыртуды, қазақ халқының мұраларын зерттеудің біртұтас жүйесін құруды, ұлттық және әлемдік ғылыми ой-сана, мәдениет және әдебиет салалары бойынша баспа серияларын дайындауды көздейтінін айта кету керек. Осындай іс-шаралар жоспарына сәйкес өткен жылы республикалық бюджеттен 2079,415 млн. теңге бөлінсе, осы қаржы толық игерілген. Оның ішінде атап айтар болсақ, ұлттық рәміздерді қалыптастыруға 66,0 млн. теңге, мәдени туризмді дамытуға 89,615 млн. теңге, ұлттық тарихи мұраны халықаралық деңгейде насихаттауға 957,5 млн. теңге, тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеу мен жаңа ғылыми жобаларды әзірлеуге 77,5 млн. теңге, қолданбалы ғылыми зерттеулерге 88,9 млн. теңге, археологиялық зерттеулер жүргізуге 119,7 млн. теңге, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіруге 443,4 млн. теңге, Қазақстанның тарих, археология, этнография және мәдениет мәселелері бойынша басылымдар сериясын шығаруды жалғастыруға 236,8 млн. теңге бөлініп, 2009 жылы бірқатар маңызды жұмыстар тиянақталған. Соның біразы ұлттық тарихи мұраны халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында жүзеге асқан. Сирия және Египет елдерінде байырғы бабаларымыз Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс ескерткіштері жаңғыртылуда. Дамаск қаласында Сұлтан Бейбарыстың кесенесі қайта жаңғыртылып, Әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталығы салынуда. Ал Каирде Сұлтан Бейбарыстың мешіті қайта жаңғыртылып жатыр. Сондай-ақ 2009 жылы Моңғолия аумағынан табылған көне түркі руникалық жазбалары бар тастардың көшірмелері қалпына келтіріліп, елімізге жеткізілген.
“Өркениет диалогындағы тарихи-мәдени мұраның рөлі” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, “Мәдени мұра” ұлттық жобасын халықаралық дәрежеде насихаттауға көңіл бөлініп отыр. Қазақстанды әлеуметтік-гуманитарлық өзекті мәселелерді шешетін, халықаралық өркениеттер диалогының алаңына айналдыру, сондай-ақ қазақтың ұлттық тарихи-мәдени мұрасын дүниежүзілік ғылыми айналысқа енгізу басты мұрат саналады. Қазақ халқының мәдени мұрасы саласында ғылыми жұмыстарды жалғастыру бойынша былтыр 12 тақырыпта қазақ халқының тарихымен, материалдық және рухани мәдениетімен байланысты қолданбалы ғылыми-зерттеулер іске асырылса, тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеу, жаңа ғылыми жобаларды әзірлеу тарауы бойынша бағдарлама аясында бірқатар облыстардың тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинақтарын әзірлеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Алматы қаласының жинақтары жарық көріп, Павлодар мен Ақтөбе облыстарының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинақтары әзірленіп жатыр. Министр “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында жарық көріп жатқан кітаптарға ерекше тоқталды. Солардың ішінен “Бабалар сөзі” сериясын ерекше атады. Оның қазірге дейін 53-56 томдары, “Әлемдік тарихи ой-сана” сериясының 12-14-томдары, “ХVІІІ-ХХ ғ.ғ. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қатысты құжаттар мен материалдар жинағы” сериясының 13,14,15-томдары қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп, жалпы бір жылда барлығы 56 аталым бойынша кітаптар шығарылған. 1 мың 605 баспа табақ 168 мың данамен таралған, 9 аталым бойынша 450 баспа табақ өңделіп аударылған.
Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев бағдарлама нәтижесінде қол жеткен рухани құндылықтарды жас ұрпақтың санасына жеткізу мақсатында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды атады. Өзге тілді мектептерге арналған “Қазақ тілі” пәні бойынша білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартының 5-9 сыныптарының базалық білім мазмұнына “Ел тану” тарауы қосылғанын, сондай-ақ Қазақстан тарихы бойынша “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында жүргізілген экспедициялық зерттеулердің нәтижелері, Қойлық, Талғар, Қараспан, Түркістан, Сауран, Сарайшық, Жанкент қалалары жайындағы мәліметтердің, ежелгі Отырар мен Бозоқ қалаларынан табылған қазба жұмыстарының нәтижелері мен тастағы таңбаларға қатысты ғылыми деректер 6-сыныпқа арналған “Қазақстан тарихы” пәніне енгізілгенін айтты. 2009-2010 жылдан бастап ғылыми-зерттеу институттарының қатысуымен “Менің елімнің тарихы” тақырыбында республикадағы он-лайн режімінде интерактивті сабақтар жүйелі өткізіле бастағанын жеткізді.
Туризм және спорт вице-министрі Қайырбек Өскенбаев еліміздегі белгілі тарихи ескерткіштерге әкелетін магистральды жолдардың құрылысын жөндеу туралы әңгімелесе, Археология институтының директоры, академик Карл Байпақов былтыр археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған тарихи жәдігерлерді, қорғандар мен басқа да тарихи орындардағы қазба жұмыстарының барысы туралы сөз етті.
“Қазқайтажаңғырту” мекемесінің директоры Қанат Тұяқбаев Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыстың тарихи ескерткіштерінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады. Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер ең алдымен, Орталық музейге өткізілуі керек деп есептейді. Музей негізінен зерттеу алаңы болуы тиіс деген пікір айтты. Академик Әбдімәлік Нысанбаев баспа өнімдері ауылда тұратын зиялы азаматтардың да қолына тисе, нұр үстіне нұр болады деген тілек білдірді. Өткен жылғы жұмыстарды саралай келіп, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев келешекте де бірлесе атқаратын істер аз емес деп қорытынды жасады. Кітап сериясына байланысты интернеттегі жұмысты күшейтуге көңіл аударды. Үкімет интернетті әр ауылға апарумен айналысып жатыр. Сондықтан “Мәдени мұра” порталын молайтуға күш жұмсау керектігін баса айтты. Мәдени туризмді күшейту мәселесі де алдағы уақытта маңызды болып қала беретінін жеткізді. Ең бастысы, ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы келе жатыр. Соған байланысты алда көптеген жұмыстар күтіп тұрғанын айтты. Ұлттық кітапханада шет елдердегі мұрағаттардан “Ұлттық мұрағат қорына” келіп түскен құжаттар мен “Мәдени мұра” бағдарламасымен жарық көрген кітап сериялары қойылған көрме де көп жұмыстар атқарылғанын аңғартады.