Маңызы бар «Мәдени мұра»
Қоғамдық кеңес атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды

Айқын, № 33, 25.02.2010


Кеше Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Кеңес мүшелері «Мәдени мұраның» 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды.
Бұл жоспар Қазақ елінің тарихи, мәдени, археологиялық және сәулет ескерткіштерінің маңыздыларын қайта жаңғыртуды, ата-бабаларымыздан қалған бай мұрасын зерттеудің біртұтас жүйесін құруды, ұлттық және әлемдік ғылыми ой-сана, мәдениет және әдебиет баспа серияларын дайындауды көздейді екен. Осы шараларға былтыр ел бюджетінен 2 миллиард 079 миллион 415 мың теңге бөлініп, бұл қаржы толық игерілгендігі баяндалды.

Егер тарата айтар болсақ, ұлттық рәміздерді қалыптастыруға 66 миллион теңге, мәдени туризмді дамытуға 89,615 миллион теңге, ұлттық тарихи мұраны халықаралық деңгейде насихаттауға 957,5 миллион теңге, тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеуге, жаңа ғылыми жобаларды әзірлеуге 77,5 миллион теңге, қолданбалы ғылыми зерттеулерге 88,9 миллион теңге, археологиялық зерттеулер жүргізуге 119,7 миллион теңге, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіруге 443,4 миллион теңге, Қазақстанның тарихы, археологиясы, этнографиясы және мәдениеті мәселелері бойынша басылымдар сериясын шығаруды жалғастыруға 236,8 миллион теңге бағытталған. Өзіңіз көріп отырсыз, осылайша, «Мәдени мұра» қазір сан-салалы мәселелерді қамтып отыр.
Сонымен, қаржы игерілген екен, оның қайтарымы қандай? Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мәліметінше, былтыр 26 тарихи-мәдени объектілерде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліпті. Атап айтқанда, Қапшағай түбіндегі «Тамғалы Тас» петроглифтерін, сондай-ақ Ақтөбе облысындағы Қарағұл, Қызылорда өңіріндегі Асанас, ОҚО-дағы Қарашаш Ана кесенелерін және Баба Ата сарай-қамал кешенін қалпына келтіру ісі аяқталған. «Бұл нысандардың барлығы дерлік Елбасының тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан. Келешекте осы көлік дәлізінің Қазақстан аумағындағы учаскесінің бойларында көптеген мейрамханалар мен автобекеттер салынатын болады. Келген адамдар сол өңірдің тарихымен танысқан кезде жоғарыдағы кесенелерді көру мүмкіндігіне ие болады» деді министр.
Ал археологиялық зерттеулер 2009 жылы 49 қорғанды, мазараттар мен қалашықтарды қамтыған, соның ішінде бұған дейін басталған Астана жанындағы Бозоқ, Алматы өңіріндегі Есік, Қойлық, Талғар, Атырау облысындағы Сарайшық, Оңтүстік Қазақстандағы Жуантөбе, Қараспан төбе, Шымкент, Сауран, Сидақ, Отырар, Шығыс Қазақстандағы Берел, Шілікті, Жамбыл облысындағы Ақыртас, Батыс Қазақстандағы Қырық оба, Қарағанды облысындағы Тоқтауыл, Айбас, Кент, Талдысай сынды қоныстар мен қалашықтардағы қазба жұмыстары жалғасын тауыпты. «Мұндай археологиялық зерттеулер бір жылдың ішінде бітетін шаруа емес, - деді Мұхтар Абрарұлы. - Ол кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Археологиялық қазба жұмыстары адамнан төзімділікті қажет етеді. Кейбір археологтар бүкіл ғұмырын бір қаланы қазып, зерттеуге арнайды. Оның өзін бітiре алмай, шәкірттеріне табыстап кетіп жатады. Сондықтан бұл мәселеге келгенде, нәтиже неге жоқ деп айтуға болмайды. Бұл уақытымен жүзеге асырылатын дүние».
Бүгінде Сирияның Дамаск қаласында Сұлтан Бейбарыстың кесенесі қайта жаңғыртылып, әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталығы салынып жатыр. Ал Египеттің Каир шаһарында Сұлтан Бейбарыстың мешіті қайта жаңғыртылуда. Министрлік бұл жұмыстардың кестеге сай жүріп жатқандығына сендірді. Бұған қоса, былтырғы жылы Моңғолия жерінде табылған көне түркі руникалық жазбалары бар Тұй-ұқық және Теркін тастарының көшірмелері елге жеткізіліпті. Стратегиялық ұлттық жоспардың мәдени туризмді дамыту бағыты бойынша бас жоспар әзірленіпті. Осы құжат бойынша Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігінде, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында туристік инфрақұрылымды дамытуды көздейтін қызықты жобалар қолға алынатындығын білдік. Бас жоспарды әзірлеу барысында Қазақ елінің территориясын дүниежүзіне Ұлы Жібек жолының негізгі тармағы ретінде таныту, осы мақсатта нақты бағдарлар жүйесін құру, шетелдік туристерге тамашалауға ұсынылатын ескерткіштерді ерекше қорғау және оларды консервациялау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілген екен. Кеше сондай-ақ «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы құрылғандығы және тиісті кешеннің құрылысы аяқталғандығы мәлім етілді.