Жас Қазақ, № 6, 19.02.2010
Жуырда ғана Астанадағы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында «Тәуелсіздік толғауы» атты тұңғыш халықаралық байқауды қорытындылау салтанаты болып өтті. Атап айтарлығы, осынау айтулы өнер додасына отандық өнер шеберлерімен қатар, АҚШ, Канада, Германия сияқты елдерде тамаша табыстарға жетіп жүрген қандастарымыз да қатысып, бақ сынапты.
Ұлттық опера және балет, музыка, драматургия салаларындағы «жүзден жүйрік» шапқандарды анықтауға бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова, ән патшасы Қайрат Байбосынов, театр сынының марқасқалары Әшірбек Сығай мен Есмұқан Обаев, жазушы-мәжілісші Алдан Смайыл сияқты қазақ өнері мен мәдениетінің қайраткерлері қазылық еткен. Тәуелсіз Қазақстанның рухани келбетін ашатын жаңа туындыларды туғызу мақсатында ұйымдастырылған бұл байқаудың сыйақы көлемінің өзі таң қаларлықтай: 24 200 000 теңге! Онымен қоса, байқау жеңімпаздарына да бұрын-соңды болып көрмеген сыйақы мөлшері белгіленіпті: мысалы, бірінші жүлдеге ие болған опералық шығармаға – 4,5 млн теңге, көпактілі драмалық пьесаға 1,5 млн теңге сыйақы тағайындалған. Сонымен... байқау мәреге жетті.
– Тәуелсіздік – бұл біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған, біздің ұрпақ жүзеге асырған ең қасиетті құндылықтарымыздың бірі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сөзі «Тәуелсіздік толғауы» атты алғашқы халықаралық байқаудың басты лейтмотиві, – деді мәртебелі мейрамның ашылуында сөз сөйлеген мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. «Тапсырыспен жазылған тың туындылар ұзаққа бармайды деген жаңсақ пікір бар. Мұның жаңсақ болатыны, әлемдік өркениеттің көшіндегі өзіндік қолтаңбасы бар шығармалардың үштен бірі тапсырыспен жазылған. Осы орайда, «Тәуелсіздік толғауының» ауқымы ел аумағынан асып кетті. Себебі оған АҚШ, Канада, Германия т.б. шетелдерде өз өнерін толықтай мойындатқан композиторларымыз қатысты. Ең бастысы, бұл байқау біздің барлық үмітімізді ақтады. Сондай-ақ осынау өнер жарысы отандық театрлардың репертуарларын байыту үшін өткізіліп отыр. Яғни бұл жарыстан жеңімпаз болған шығармалар биылдың өзінде еліміздің жетекші театрларының сахнасында қойыла бастайды», – деді ол.
Жеңімпаздарды марапаттайтын ресми рәсімге дейін сахнаға шыққан ұлттық киім киген жігіт-желең, қыз-келіншектер «Тойбастар» жырын шырқады. Одан кейін кешті жүргізуші қыз бен жігіт опера және балет, музыка және драма салаларындағы алты аталым бойынша жеңімпаздардың есімдерін елге жария етті. Марапаттау рәсімі отандық өнер шеберлерінің мерекелік концертімен айшықталып отырды.
«Ең үздік опералық шығарма» номинациясында АҚШ-тың Бостон қаласында тұратын опера жұлдызы – Ермек Серкебаевтың ұлы Алмас Серкебаевтың «Бәйтерек» операсы жеке-дара үздік деп танылды. Ал «Ең үздік балеттік шығарма» номинациясында Канаданың Ванкувер қаласында тұратын қандасымыз, симфониялық оркестр мен органға арналып жазылған «Тәңірінің құрбандық шалуы» және «Ашубасар» атты әлемге әйгілі қос шығарманың авторы Әділ Бестібаевтың «Жерұйық» балеті бірінші орынды, сондай-ақ Балнұр Қыдырбектің «Адамзатқа аманат» балеті екінші орынды жеңіп алды. «Ең үздік камералық музыка» аталымында бірінші жүлдені – скрипка, виолончель және фортепианоға арналып жазылған Арман Жайымның «Көроғлы» триосы, екінші жүлдені – Артық Тоқсанбаевтың «Дала нақыштары» атты поэмасы, үшінші жүлдені сазгер Әліби Мәмбетовтiң трио-элегиясы иеленді.
«Ең үздік қазіргі заман әндері» аталымының бас жүлдесі – «Туған елім, дархан жерім!» атты әнді жазған Рыспамбет Байдалыға, екінші жүлдесі – «Астана» әнінің авторы Айсұлу Тәниеваға, үшінші жүлдесі «Алға, Қазақстан!» әні үшін Естай Әлікеевке бұйырды. Өнер додасының алты аталымының ішінде ең көп үміткер (44 адам) қатысқаны – «Ең үздік балалар әндері» атты номинация. Бұл жарыста бас жүлдені «Егеменді елім-ай!» әнімен белгілі сазгер Марат Ілиясов қанжығасына байлады. Екінші орынды – «Свет дальней звезды» әнімен Серік Еркімбеков, үшінші орынды «Бала бақыты» әнімен Шолпан Қорғанбекова жеңіп алды.
«Ең үздік драмалық шығармалар» атты номинацияда бірінші орынға жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтiң «Жаужүрек» пьесасы лайық деп танылыпты. Жүлделі екінші орынды «Адасқан жұлдыз» пьесасының авторы Нұрғали Ораз бен «Жапон аруының арманы» пьесасын жазған Жолтай Әлмашұлы өзара бөлісті. Бұл аталымдағы үшінші жүлде ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иранбек Оразбаевтың «Портмоне» және Тұрсынбай Жандәулетовтiң «Жұбай саудасы» пьесаларына бұйырды. Салтанатты сахнада Есмұқан Обаевтың қолынан сыйлық алған Иран-ғайып ағамыз өзінің тәуелсіздік туралы өлеңін оқыса, Әшірбек Сығайдың қолынан диплом алған Дулат ағамыз бүгінгі таңдағы отандық театрлардың кемшін тұстарын тілге тиек етті.
Сонымен бірге өнер кешінде Мәдениет және ақпарат министрлігі былтыр алтыншы мәрте өткізген «Елім менің» патриоттық әндер байқауының да нәтижесі белгілі болды. Бұл байқаудың жұлдызды жүлделері «Атамекен», «Аманат», «Ән сал, сарбаз!» және «Елдің ері – Бауыржан!» сияқты аталымдарда сарапқа салыныпты. Соңғы аталымдағы жүлделі орын Шыңғыс Қосбаулиннің өлеңіне жазылған сазгер Дулат Әбілдиновтің «Елдің ері – Бауыржан» әніне берілді.
Ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің тамаша тойы көпшіліктің көңілінен шықты. Арқаның сақылдаған сары аязына қарамастан, ұлттық опера және балет театрының шағын ғимараты халыққа лық толды. Яғни ақырып келген ақпанның аязынан тоңған жұрт әсем әнмен, күмбірлеген күймен жан-жүректерін жылытты. Көңілді кештің соңынан біз Дулат Исабеков ағамызды қуанышымен құттықтап, бүгінгі ұлттық драматургиямыз туралы бір-екі ауыз пікірі мен лебізін жазып алған едік.
«Біз ұлттық намысымызды ноқталап отырмыз»
– Бізде бүгін драмалық шығармалардың үлкен қоры болғанымен, олардың жарнамасы нашар. Өзге елдердің сахнасына апарып қою жағы ақсап тұр. Бұл – бір. Екіншіден, еліміздегі басқа ұлттардың театрлары қазақтың, Қазақстанның проблемасына бас ауыртпайды. Тіпті олар басқа бір елде өмір сүріп жатқан сияқты... Мәселен, еліміздегі 52 театрдың жартысынан астамы – өзге ұлттардың театрлары. Менің ойымша, соларға «Қазақ драматургтерінің шығармаларын неге қоймайсыңдар?» деп талап қоятын кез келді. Бізде жоғары деңгейдегі пьесалар жетіп жатыр. Оған өткен жылы Қарағандыдағы театр фестивалінде анық көз жеткіздік. Сол жолы көрерменге ұсынылған 14 шығарма қазақ драматургиясының ешкімнен де кем емес екенін дәлелдеп берді. Бұған дейін біздің режиссерлеріміз: «Ойбай, бізде драматургия жоқ. Содан соң не қырғызды, не түркіменді қоямыз!» – деп ақталатын. Ол – бос әңгіме. Егер де өзімізде осы тақырыпта шығарма жазылмаса немесе басқа ұлттың туындысының көркемдік деңгейі біздікінен жоғары болса бір сәрі. Ондай жағдайда: «Міне, бұлар осылай жазып жатыр. Сендер неге үнсіз жүрсіңдер?» – деп ұлттық драматургтердің көзіне шұқып, сауырына қамшы бассын... Жоқ, жағдай олай емес. Сахналап жатқандары – сол баяғы жауыр аттар, ескі кемелер... Олардың уақыты баяғыда өтті. Сөйте тұра, өзгелердің шығармаларын өз сахналарымызға әкеліп тықпалаймыз. Бүйте берсек, қазақ режиссерлеріне Қырғызстанға барып: «Қырғыздың қай драматургi бізде қойылмай қалды? Сол тез арада Қазақстанға жетсін!» деген хабарландыру жазу ғана қалды. Сонда қазақ драматургтері қырғыздiкінен кем бе?.. Міне, осы жағынан келгенде, біз – өзімізді-өзіміз сыйламайтын, өзгені аяғын сүрткізбей төрге шығара беретін елміз. Салыстыру үшін анау Өзбекстанға барып, орыс театрының репертуарын көріңізші. Тіпті Гүржістан мен Арменияны айтпай-ақ қояйын. Өйткені ондағы бас режиссерлердің ұлты – грузин, армян, өзбек. Ал біздің режиссерлеріміз Мәскеу, Петербор т.б. жерлерде оқып келеді. Сөйтсек те, орыс театрының тұтқасын ұстайтын бір режиссеріміз жоқ. Өзге ұлттарға көбірек көңіл бөлетін де біз. Сөйтіп, өзіміздің ұлттық намысымызды ноқталап отырмыз.
|